• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Маусым, 2015

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бұйрығы  №28 

262 рет
көрсетілді

2015 жылғы 27 сәуір, Астана қаласы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің Ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 1 сәуірдегі №2922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ереже 16-тармағының 3) тармақшасына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің Ережесі бекітілсін. 2. «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облысы бойынша Департаментінің Ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 114 бұйрығы жойылсын. 3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті заңнамамен белгіленген тәртіпте: 1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін; 2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін; 3) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықтың Маңғыстау облысы Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелуін; 4) Маңғыстау облысы Әділет департаментінде осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны жөнінде мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін. 4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Комитет Төрағасы Н.ӘБІҚАЕВ. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2015 жылғы 27 сәуір №28 бұйрығымен бекітілді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің Ережесі 1. Жалпы ережелер 1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органы болып табылады. 2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының өзге де нормативтік құқықтық актілері мен бұйрықтарын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады. 3. Департамент мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлғасы болып табылады, оның нақты және шартты атаулары, мөрлері мен мөртабандары, есепшоттары, негізгі қорлары, әлеуметтік-мәдени және медициналық мақсаттағы объектілері бар. 4. Департаменттің құрылымын, штаттық санын белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы бекітеді. 5. Департамент оның құрылымын құрайтын басқармалардан, бөлімдерден, бөлімшелерден тұрады. Оның құрамына мынадай оңашаланған құрылымдық бөлімшелер кіреді: 1) Жаңаөзен қалалық басқармасы. Қызмет көрсету аймағы – Жаңаөзен қаласы, Теңге, Қызылсай, Құланды кенттері, «Болашақ» темір жол бекеті, «Кендірлі» демалыс орны; 2) Бейнеу аудандық бөлімшесі. Қызмет көрсету аймағы – Бейнеу ауданы; 3) Түпқараған аудандық бөлімшесі. Қызмет көрсету аймағы–Түпқараған ауданы, «Қаражанбас» кен орны; 4) Қарақия аудандық бөлімшесі. Қызмет көрсету аймағы – Қарақия ауданы; 5) Мұнайлы аудандық бөлімшесі. Қызмет көрсету аймағы – Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауданы, «Қаламқас» кен орны. 6. Департамент азаматтық-құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатысады. 7. Егер Департаментке заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілсе ол мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастар тарапына қатысуға құқығы бар. 8. Департаменттің заңды мекенжайы: 130000, Қазақстан Республикасы, Ақтау қаласы, 24 шағын аудан, 3 ғимарат. 9. Департамент қызметін қаржыландыру тек республикалық бюджеттен жүзеге асырылады. 10. Департаменттің толық атауы – «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті» мемлекеттік мекемесі. 11. Осы Ереже Департаменттің құрылтай құжаты болып табылады. 12. Департаменттің функциясына кіретін міндеттерді орындау тұрғысында Департаментке оны орындау үшін кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады. Егер Департаментке заң актілері бойынша табыс алып келетін іспен айналысуға құқық берілген болса, онда, ол істен келіп түскен табыс мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі. 2. Департаменттің негізгі мақсаттары 13. Департаменттің Маңғыстау облысы шегіндегі негізгі мақсаттары: 1) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу; 2) «Сыртқы барлау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының мүддесі үшін барлау ақпаратын табу; 3) арнаулы қызметтердің, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ жекелеген адамдардың барлау-бүлдіру және өзге де Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын, экономикалық және қорғаныс әлеуетін әлсіретумен және (немесе) оның қауіпсіздігіне өзге де залал келтірумен байланысты іс-әрекеттерін анықтау, алдын алу және жолын кесу; 4) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға және қауіпсіздігін әлсіретуге бағытталған террористік және өзге де іс-әрекеттерді анықтау, алдын алу және жолын кесу; 5) облыс аумағында терроризм мен экстремизмге қарсы күрес іс-саласындағы қызметті үйлестіруге қатысу; 6) заңнамамен ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына жатқызылған қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу; 7) жедел-іздестіру қызметі субъектілерінің тапсырмаларына сәйкес арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу; 8) жедел-іздестіру қызметі субъектілерінің тапсырмаларына сәйкес арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын өткізуді қамтамасыз ету үшін жағдай жасау; 9) жасырын тергеу әрекеттерін заңнамамен белгіленген тәртіпте ұйымдастыру және өткізу; 10) жасырын тергеу әрекеттерін қамтамасыз ету үшін жағдай жасау; 11) Қазақстан Республикасы заңдарымен, Президентінің және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының актілерімен анықталатын өзге де мақсаттар болып табылады. 3. Департаменттің негізгі функциялары, міндеттері мен құқықтары 14. Департамент Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте және өз құзыреті шегінде Маңғыстау облысының аумағында мынадай функцияларды жүзеге асырады: 1) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады; 2) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік (салалық) бағдарламаларды іске асыруға қатысады; 3) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшыларының рұқсатымен және өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес халықаралық, мемлекетаралық және өзге де ұйымдардың жұмысына қатысады, ұлттық қауіпсіздік органдарының құзыретіне жататын қызмет саласында шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен, құқық қорғау органдарымен, шет мемлекеттердің үкіметтік және арнаулы байланыс органдарымен, халықаралық қауіпсіздік құрылымымен және құқық қорғау ұйымдарымен өзара іс-қимылды және халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз етеді; 4) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы шешімдерді қабылдау үшін қажетті ақпаратпен мемлекеттік органдарды қамтамасыз етеді; 5) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы, экономикалық және қорғаныс әлеуеті негіздерін қарсыластың барлау-бүлдіру әрекетінен қорғау бойынша қарсы барлау қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады; 6) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған барлау, қарсы барлау және жедел іздестіру қызметін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді; 7) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға және қауіпсіздігін әлсіретуге бағытталған терроризмге, экстремизмге және өзге де іс-әрекеттерге қарсы күрес бойынша шараларды әзірлейді және іске асырады, мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады, осы салалардағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. Облыс аумағында терроризмге қарсы операцияларды өткізуді ұйымдастырады; 8) терористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғау деңгейін арттыруға террористік қауіп-қатердің сипаты мен өзіндік ерекшелігі туралы олардың басшыларына ақпарат беру, терроризмге қарсы іс-қимыл және терроризмге қарсы қорғау бойынша ұсынымдар әзірлеу, террористік тұрғыдан осал объектілерде терроризмге қарсы практикалық оқу-жаттығулар өткізу арқылы ықпал етеді; 9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қауіпсіздік және террористік қауіп-қатерлерді бейтараптандыруға дайындық жүйесін жетілдіру бойынша шаралар кешенін іске асыруына бақылау жасауды жүзеге асырады; 10) азаматтарды әскери қызметке шақыру мерзімінде шақыру комиссиясының жұмысына қатысады; 11) Қазақстан Республикасы жергілікті әскери орган басқармалары ұсынған жиынтық деректердің негізінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне қажетті шақырылушы контингентке мониторинг пен іріктеуді жүзеге асырады; 12) іргелес жатқан мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын жаппай өту, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгерту әрекеттері, терроризм актілері, Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күшпен басып алу немесе билікті күштеп ұстау әрекеттері, диверсия, қарулы көтеріліс салдарынан туындаған әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды анықтайды, ескертеді және жолын кеседі, сондай-ақ, «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңында қарастырылған өзге де іс-қимылдарды жүзеге асырады; 13) заңнамамен белгіленген тәртіпте жедел-іздестіру және қарсы барлау (оның ішінде радиоқарсыбарлау) қызметін, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастырады және тікелей жүзеге асырады; 14) Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдарына, Қарулы Күштерiне, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарына қоғамдық қауiпсiздiктi, заңдылықты, құқықтық тәртiптi, елдiң қорғаныс қабiлеттiлiгiн қамтамасыз етуге, өзге де алға қойылған мiндеттердi шешуге көмек көрсетедi; 15) уәкiлеттi органдармен бірлесіп қарсыластың барлау-бүлдiру акциясын жүргiзуi үшiн жағдай жасайтын сыртқы және iшкi факторларды жою және бейтараптандыру бойынша, оның iшiнде трансұлттық қылмыстық қоғамдастыққа, заңсыз көшi-қонға, қару-жарақтардың, оқ-дәрiлердiң, жарылғыш және уландырғыш заттардың, есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдар мен электрондық құрылғылардың заңсыз айналымына қарсы iс-қимыл бойынша шаралар әзiрлеуге және жүзеге асыруға қатысады; 16) Қазақстан Республикасының мүддесіне өз құзыреті шегінде барлау қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады; 17) ұлттық қауiпсiздiк органдарының құзыретiне жататын мәселелер бойынша мемлекеттiк органдармен, сондай-ақ өзге де ұйымдармен өзара iс-қимылды жүзеге асырады; 18) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардағы мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi қарсы барлаулық қорғау бойынша шараларды әзiрлейдi және жүзеге асырады, сондай-ақ олардың аталған саладағы қызметiн бақылайды; 19) Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтерге рұқсатты ресiмдеуге (қайта ресiмдеуге), сондай-ақ ұйымдарға мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi пайдалануға байланысты қызметке рұқсат беруге арнайы тексеру жүргiзумен, мемлекеттiк құпияларды қорғау құралдарын жасаумен, сондай-ақ мемлекеттiк құпияларды қорғау бойынша iс-шараларды жүргiзумен және (немесе) қызмет көрсетулермен байланысты шараларды iске асырады; 20) Маңғыстау облысы аумағындағы шет мемлекеттер өкiлдiктерiнiң және халықаралық ұйымдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша басқа құзыреттi органдармен өзара iс-қимылда шаралар қолданады; 21) мемлекеттік қызметке кіретін (онда жұмыс істейтін) Қазақстан Республикасының азаматтарына заңнамада белгіленген тәртіпте және шекте міндетті арнайы тексеруді ұйымдастырады; 22) техникалық барлауға қарсы іс-қимыл бойынша қызметті жүзеге асырады; 23) ұлттық қауіпсіздік органдары өткізетін жедел-іздестіру іс-шаралары мен тергеу іс-қимылдарын техникалық қамтамасыз етуді ұйымдастырады; 24) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызмет түрлерін лицензиялауды және лицензиаттардың лицензиялық талаптарды сақтауы бойынша олардың қызметін бақылауды жүзеге асырады; 25) Мемлекеттік қызмет көрсету тізілімімен айқындалған құзыретіне сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетеді; 26) радиоэлектрондық және радиотехникалық барлауды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады; 27) мемлекеттік органдар мен ұйымдарда құпиялылық режимін қамтамасыз ету бойынша жұмысты үйлестіреді және бақылайды; 28) мемлекеттік құпияларды қорғау саласында әкімшілік құқық бұзушылық және қылмыстық айыптар бойынша сот алдында өндірісті ұйымдастырады және тікелей жүзеге асырады; 29) мемлекеттік құпияларды қорғау бойынша нормативтік және әдістемелік актілерді әзірлеу мен орындау мақсатында мемлекеттік құпияларды қорғау органдарының қызметін үйлестіреді және бақылайды; 30) мемлекеттік құпияларды қорғау бойынша облыс аумағында құқықтық, әкімшілік, экономикалық, техникалық, бағдарламалық және криптографиялық шаралар жүйесінің орындалуын бақылайды; 31) жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне залал келтіретін желілерді және байланыс құралдарын қылмыстық мақсатта пайдалануды анықтауды және жолын кесуді қамтамасыз етеді; 32) жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыру барысында ақпаратты жасырын түрде алуға арналған (құрастырылған, бейімделген, бағдарламаланған) арнайы техникалық құралдардың айналымы саласында бақылауды жүзеге асырады; 33) Департамент қызметкерлері мен жұмыскерлерін, сондай-ақ құпия көмекшілерді қорғауды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді; 34) қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қорғалуға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді; 35) ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін, мекеменің ведомстоволық қатыстылығын, жайлар мен көлік құралдарын шифрлау бойынша шараларды жүзеге асырады; 36) Департаменттің қызметкерлері мен жұмыскерлерін жауынгерлік, техникалық, материалдық, қаржылық, ғылыми, ақпараттық, құқықтық, әлеуметтік-тұрмыстық, әскери-медициналық (медициналық) және басқа да түрлерімен қамтамасыз етілуін, оның ішінде ғимараттар мен күрделі құрылыстарды салуды және қайта салуды, жөндеуді, тұрғын үй салуды, жөндеуді ұйымдастырады; 37) ұлттық қауіпсіздік органдары құзыретінің шегінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдауды және қарауды жүзеге асырады; 38) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды қорғау мақсатында ақпараттық жүйелерді құжаттау тәртібін және құжаттарды басқару үшін, іс-жүргізуді ұйымдастыруда, Департаменттегі мұрағаттық істі ұйымдастыруда мемлекеттік кұпияларды қорғауды қолданады; 39) жедел-қызметтік іс-қимылды қамтамасыз ету шеңберінде полиграфологиялық (психологиялық-әлеуметтанулық қамтамасыз ету қызметкерлерінің штаттық бірліктері болған кезде), психологиялық-әлеуметтанулық және психофизиологиялық зерттеулерді жүргізеді; 40) әскери-дәрігерлік сараптама, оның ішінде ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет етуге денсаулық жағдайы бойынша жарамдылығын, азаматтардың ауыруларының, мертігулерінің (жараланулардың, жарақаттанулардың, контузия алудың) немесе қайтыс болуының ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет өткеруіне (міндеттерін орындау) байланыстылығын анықтау үшін психофизиологиялық куәландыру, сондай-ақ есірткіге қатысты тест жүргізеді; 41) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарайды және әкімшілік жаза қолданады; 42) ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қозғайтын оқиғалар мен фактілер туралы ақпаратты уақытылы алу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың кезекші қызметтерімен өзара іс-қимылды жүзеге асырады; 43) ғимараттарды, объектілерді күзетуді, сондай-ақ өткізу және ішкі объектілік режимді қамтамасыз етуді ұйымдастырады; 44) Департаментте құқықтық тәртiптi қамтамасыз етедi; 45) Департаментте мемлекеттік тілді дамыту мен қолдану аясын кеңейту бойынша жұмыстарды ұйымдастырады және жүргізеді; 46) Қазақстан Республикасы заңдарымен, Президентінің және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының актілерімен оның құзырына жатқызылған өзге де функцияларды орындайды 15. Департамент өз құзыреті шегінде: 1) заңнамамен белгіленген тәртіпте және шектерінде Қазақстан Республикасының азаматтарына міндетті арнайы тексеруді жүргізуге; 2) жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды жүзеге асыруға; 3) Департамент жеке құрамының жұмылдыру дайындығын қамтамасыз етуге; 4) мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының аумағындағы заңсыз әскериленген жасақтардың іс-әрекетіне, саяси партиялар мен өзге мемлекеттердің кәсіптік бірлестіктеріне, діни негіздегі партияларға, сондай-ақ, саяси партиялар мен кәсіптік бірлестіктерге шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың және шетел мемлекеттері мен халықаралық ұйымдарының қаржыландыруына тосқауыл қоюға және ескертуде көмек көрсетуге; 5) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген қорғаныс кешендерінің, атом энергетикасы, көлік және байланыс, аймақтық өмірсүруді қамтамасыз ету нысандары және басқа да стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шараларды дайындауға қатысуға; 6) Департаментке жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында ақпараттық-талдау жұмысын жүргізуге; 7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау мен Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығаруға, Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелге баруына, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағына келуiне және оның аумағынан тыс жерлерге кетуiне, сондай-ақ олардың Республика аумағында болу режимiне қатысты мәселелердi шешуге қатысуға; 8) облыс аумағындағы шет мемлекеттер өкілдіктерінің және халықаралық ұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша басқа құзыретті органдармен өзара іс-қимылда шаралар қолдануға; 9) шетел ел басшыларының, үкіметтерінің және халықаралық ұйым жетекшілерінің Қазақстан Республикасына келуі барысында, сондай-ақ, облыс аумағында маңызды саяси-қоғамдық іс-шаралардың жүргізілуі барысында басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысуға; 10) мемлекеттік және қызметтік құпияны құрайтын ақпараттарға рұқсат алуға құжаттарын рәсімдеп (қайта рәсімдеп) жатқан Қазақстан Республикасы азаматтарына арнайы тексеруді жүргізуге; 11) Қазақстан Республикасы заңдарымен, Президентінің және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының актілерімен оның құзырына жатқызылған өзге де міндеттерді орындауға міндетті. 16. Департамент облыс шеңберінде жүктелген міндеттерді шешу және функцияларды орындау үшін заңнамамен белгіленген тәртіппен: 1) заңнамамен ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына жатқызылған қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу, жолын кесу және ашу мақсатында жалпы және арнайы жедел іздестіру және қарсы барлау іс-шараларын, сараптамалық-криминалистикалық, психологиялық-әлеуметтанулық зерттеулер жүргізуге; 2) Қазақстан Республикасының аумағында радиоэлектронды хабарды жіберуші құрылғыларын қолдануда Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау заңына немесе белгіленген тәртіпті бұзуға алып келетін әрекеттердің жолын кесуге; 3) мақсаттары мен iс-қимылдары мемлекеттiң қауiпсiздiгiн әлсiретуге, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуға, конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге бағытталған шетел мемлекеттерiнiң арнаулы қызметтерi мен ұйымдарының, қылмыстық топтардың iшiне енудi жүзеге асыруға; 4) барлау іс-шараларын жүргізуде, оның ішінде арнайы техникалық және радиоэлектронды құрылғыларды пайдалану арқылы ҚР сыртқы барлау субъектілерімен бірлесіп атқаруға; 5) уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп өздерінің іс-әрекеттерімен қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келулерінің жолын жабу және одан шығару туралы мәселелерді шешуге; 6) заңнамамен ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына жатқызылған қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу кезінде қылмыстық іс жүргізу заңнамасымен көзделген шектерде басқа органдарға міндетті түрде орындалатын тапсырма беруге; 7) азаматтарды өндірістегі материалдар бойынша Департаментке шақыруға, олардан түсініктеме, анықтама, құжаттар алуға және олардан көшірмелер түсіруге; шақыру бойынша келуден бас тартқан адамдарды мәжбүрлеп әкелуге; 8) заңнамаға сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген негізді күдік туғызған кезде азаматтардан олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, қылмыстық құқық бұзушылық жасауға күдік туғызған адамдарды ұстауға, құжаттарды тексеруді, ұсталғандарды және олардың көлік құралдарын жеке тексеріп қарауды, сондай-ақ олардың заттары мен құжаттарын алуды жүзеге асыруға; 9) терроризмге қарсы операцияларға қатысуда және терроризмге қарсы операциялардың құқықтық режимін қамтамасыз етуде «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шаралар мен уақытша шектеулерді қолдануға; 10) қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік туғызған адамдардың ізін кесу мен ұстау, ұсталғандарды ұстау орындарына жеткізу, сондай-ақ оқиға болған жерге бару және шұғыл медициналық көмекті қажет ететін азаматтарды емдеу мекемелеріне жеткізу үшін басқа мекемлердің байланыс құралдарын, көлік құралдарын пайдалануға құқылы. Олардың иелерінің талаптары бойынша байланыс құралдары мен көлік құралдарына келтірілген нақты залалды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтейді; 11) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтарын ерікті түрде штаттан тыс жедел қызметкерлер ретінде тартуға; 12) Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қауіп-қатерді іске асыруға себепші болатын, тергелуі Қазақстан Республикасының заңнамасымен ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына берілген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы орындалуы міндетті ұсыныстарды мемлекеттік органдар мен ұйымдарға енгізуге; 13) арнайы күзетілетін ерекше режимдегі аумақтарға және өзге де объектілерге ену немесе енуге әрекет етумен байланысты құқық бұзушылық жасаған адамдарды әкімшілік қамауға алуды жүзеге асыруға құқылы. Олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, олардан түсініктемелер алуға, оларды жеке тексеруді және тексеруді, олардың заттары мен құжаттарын алып қоюды жүзеге асыруға; 14) шарттық негізде Қарулы күштердің, басқа да әскерлер, әскери құралымдар мен өзге де ұйымдардың қызметтік орын-жайларын, көлік және өзге де техникалық құралдарын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың тұрғын және өзге де орын-жайларын, көлік құралдары мен өзге мүліктерін пайдалануға; 15) заңнамада белгіленген тәртіпте әскери-медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру мен әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу үшін медициналық бөлімшелерді иеленуге; 16) Департамент міндетінің бөлігін орындайтын және әділет органдарында тіркелуге жатпайтын, органның орналасқан жерінен өзге жерде орналасқан арнайы құрылымдық бөлімше иеленуге; 17) Департаментке жүктелген міндеттер мен функцияларды орындауға қажетті Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының аумақтық органдарымен бірлескен актілерді шығаруға; 18) Департаментке жүктелген мiндеттердi орындау үшiн қажеттi ақпаратты мемлекеттiк органдардан, Қарулы Күштерден, басқа да әскерлерден, әскери құралымдар мен ұйымдардан өтеусiз және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып алуға; 19) Департамент қызметкерлері мен жұмыскерлерін іссапарға жіберуге; 20) Департамент қызметіне қатысты мұрағаттық жедел, тергеу және басқа да материалдарды сақтау мен пайдалануды жүзеге асыруға; 21) Департамент нысандарына қызмет көрсететін азаматтар мен заңды тұлғаларға оларды тексеру және зерделеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін рұқсат беруді жүзеге асыруға; 22) жеке тұлғалар Департамент объектілеріне және орын-жайларына кірген (көлікпен кірген) және шыққан (көлікпен шыққан) кезде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, олардың өзімен алып жүретін заттарын тексеруге (күзетілетін адамдардан басқа); 23) құпиялылық режимін, мемлекеттік құпиялардың сақталуын қамтамасыз ету, Департамент бөлімшелерінің іс жүргізуін ұйымдастыру мен жүргізу бойынша жұмыс жағдайын, құпия және құпия емес іс жүргізуді тексеруді бақылауды, ұйымдастыруды жүзеге асыруға; 24) Департамент қызметкерлерінің жеке басын, олардың бөлімшелерінің, үй-жайлары мен көлік құралдарының ведомстволық тиесілігін немесе ұлттық қауіпсіздік органдарына құпиялылық негізде жәрдем көрсететін азаматтардың жеке басын шифрлау мақсатында басқа мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ұйымдардың құжаттарын пайдалануға; 25) жедел-техникалық іс-шараларды жүргізуге арналған арнайы техникалық құралдарға және тауарларды ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарына жатқызу тұрғысынан техникалық зерттеулер жүргізуге, олар бойынша тиісті қорытындылар беруге; 26) арнайы техникалық құралдарды және ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын әкелуге немесе әкетуге қорытындылар (рұқсат беретін құжаттар) беру, криптографиялық функциялары бар тауарлардың сипаттамалары туралы нотификацияларды тіркеу, олар бойынша тиісті рұқсаттарды беру және нотификациялар тіркеу туралы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауға; 27) ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарының және жедел іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнайы техникалық құралдардың импортына және экспортына лицензияларды келісуді жүзеге асыруға; 28) ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерінің арнайы және дене дайындығын ұйымдастыру үшін, сондай-ақ әр деңгейдегі спорт шараларын өткізуге, спорт ғимараттарын жалға алуға, иеленуге; 29) белгіленген тәртіпте қару-жарақтарды, оқ-дәрілерді, арнайы қорғау мен қорғаныс құралдарын жабдықталған орында сақтауға; 30) Қазақстан Республикасы заңдарымен, Президентінің актілерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асыруға құқылы. 4. Департамент қызметін ұйымдастыру 17. Департаментті Қазақстан Республикасы Президентінің немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасы тағайындайтын бастық басқарады. 18. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда Департамент бастығының орынбасары (орынбасарлары) болады. 19. Департамент бастығы Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуын және өз функциясын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады. 20. Департамент бастығы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығына Департаменттің құрылымы мен штаттық кестесі бойынша ұсыныстар береді. 21. Бұл мақсатта: 1) өзінің орынбасары болған жағдайда (орынбасарлары), олардың міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды; 2) Департамент құрамына кіретін құрылымдық бөлімшелер басшыларының өкілеттіктерін айқындайды; 3) Департаменттің қызметкерлері мен жұмыскерлерінің лауазымдық нұсқауларын бекітеді; 4) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық және құқықтық актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. 22. Департамент бастығының орынбасары (орынбасарлары): 1) өз өкілеттіктері шеңберінде Департамент қызметін үйлестіреді; 2) Департамент бастығы болмаған кезде Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуын және өз функциясын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады; 3) Департамент бастығы жүктеген өзге де функциаларды жүзеге асырады. 23. Қойылған қарсы барлау, барлау міндеттерін табысты шешу үшін қажетті және жеткілікті жағдайларды жасау, қолдау және дамыту жөніндегі басқарушылық шешімдерді әзірлеу және іске асыру мақсатында Департаментте консультативтік-кеңесші орган – Кеңес құрылады. Кеңес қызметін ұйымдастыру белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады. 24. Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департамент атынан жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқа бөлімшелеріне жіберілетін құжаттарға Департамент бастығы, ал ол болмаған жағдайда оның орнын басатын адам немесе адресаттың мәртебесіне сәйкес оның орынбасарлары қол қояды. 5. Департамент мүлігі 25. Департамент жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлікке ие. Департаменттің мүлігі оған меншік иесі берген мүліктің, сондай-ақ заңмен тыйым салынбаған өзінің ісі мен өзге де көздер арқылы (қаржы табыстарын қоса отырып) жинақтау нәтижесінде сатып алынған мүліктер есебінен қалыптастырылады. 26. Департаментке бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады. 27. Департамент өзіне бекітілген мүлікті және қаржы жоспары бойынша берілген қаражатқа сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен айыруға немесе өзге де тәсілдермен иелік етуге құқылы емес, егер заңнамада өзгелей белгіленбесе. 6. Департаментті қайта құру және тарату 28. Департаментті қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 12 мамырда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №11022 болып енгізілді.